Қой морфологиясы мен физилогиясының негіздері

117856
знаков
0
таблиц
1
изображение

Қой морфологиясы мен физилогиясының негіздері

Малдың дене бітімі және организмде өтіп жататын тіршілік процестері айтарлықтай дәрежеде оның өнімділігімен де байланысты болады, сондықтан қойдың дене құрылысымен және оның органдарының атқаратын қызметін білу маңызды.

Қой организмінде дәнекер, бұлшық ет, сүйек, жүйке және басқа да жасушалар болады. Жекелеген жасушалардан ағзалар (мысалы, бауыр,бүйрек,жүрек,талақ) мен тұтас жүйелер (қозғалу органдары,қан тамырлары, тыныс алу, орталық жүйке жүйесі және т.б.) түзілген.

Қойдың қаңқасы сүйектер мен шеміршектерден құралады. Қаңқа ішкі ағзаларды зақымданудан қорғап, жануардың қоғалуына, денесін белгілі бір қалыпты ұстауына мүмкіндік береді. Бұлшық еттер қозғалу органдары жүйесі сонымен қатар жылу энергиясының көзі.

Бастың қаңқасына ми орналасатын қуысы бар бас сүйегі мен кеңсірік, жақ және ауыз қуысынан тұратын бет сүйектері, одан әрі мойын, кеуде және жамбас қаңқаның остьік бөлігі омыртқа жотасы болып табылады.

Аяқ скелеті. Алдыңғы аяқ скелеті жауырыннан, тоқпан жілік пен кәрі жілік (шынтақ сүйегі), білезік сүйектері (алтау), алақан сүйектері, бақай сүйектері, топай сүйегі мен тұяқ сүйектері бар.

Қойдың екі жамбас сүйегінің арасында жамбас қуысы болады. Жамбас сүйегінің әрқайсысы сербек сүйек, шат сүйек және шанданай сүйегі ортан жілік, тілерсек және тобықтан тұрады.

Қаңқаның мықтылығы қойды азықтандыруға байланысты.

Бұлшық еттер. Бұлшық ет бірыңғай салалы және көлденең салалы бұлшық ет түрлеріне бөлінеді. Ішкі органдардың бұлшық еттері (ішек-қарын мен жатыр бұлшық еттері) болады. Бұлшық ет талшықтарының аралығына жүйке мен қан тамырлары орналасады. Қоңдылығы жақсы, бордақыланған қойларда бұлшық ет арасында май жиналады. Бұлшық еттер тікелей сүйектерге өздерінің ұшында болатын сіңірлер арқылы байланысады.

Жыныс ағзалары. Қойдың жыныс ағзалары оның 6-8 айлық кезеңінен бастап жетіле бастайды. Бұл кезде жас қошқарлардың ұрық бездерінде спермия түзіле бастайды, ал ұрғашы тоқтыларда фолликула дамып, жұмыртқа клеткасы жетіледі. Бұл кезеңді жыныстық жетілу кезеңі деп атайды.

Қошқардың көбею органдары аталық безінен, ен сағағынан, шәует жолынан, қосымша жыныс бездері мен жыныс мүшесінен тұрады.

Ұрғашы қозы, тоқтының көбею ағзалары аналық безінен , жұмыртқа жолынан, жатыр мен қынаптан және сыртқы жыныс еріндерінен тұрады.

Жұмыртқа безі- жұп органдар, онда жұмыртқа клеткасы түзіледі және пісіп жетіледі.

Жұмыртқа жолы өте иректелген жіңішке тұтікшелерден тұрады, жұмыртқа безінен шыққан, пісіп жетілген жұмыртқа клеткасы осы түтікшенің бойымен жылжи отырып, жатырға келеді.

Овогенез дегеніміз жұмыртқа клеткаларының түзілу және пісіп жетілу процесі. Жұмыртқа клеткалары фолликулаларда жетіледі.

Қойлардың күйіттің басталуынан 30-32 сағат өткен соң овуляция процесі басталады. Жарылған фолликуланың орнына уақытша без болып табылатын сары дене түзіледі. Сары дене қанға прогестерон гормонын бөліп шығарады, бұл гормонның әсерімен жатыр ұрықтануға дайындалады. Қойлардың шағылысуы кезінде қошқардың шәуеті қынапқа өтеді, ал қолмен ұрықтандыруда оны жатыр мойнына енгізеді. Шәуеттердің жатыр мойны, ортасы және тармағы арқылы қозғалуы негізінен осы органдардың бұлшық еттерінің жиырылуы есебінен орындалады. Шәуеттер қойдың жыныс жолдарында орта есеппен 36-48 сағат тіршілік етеді.

Пайда болған зигота (ұрықтанған жұмыртқа клеткасы) біртіндеп жұмыртқа жолымен жылжып, жатырға келеді. Қойдың ұрықтану процесінен қоздағанға дейінгі күйі оның буаздығы деп аталады. Ол орта есеппен 150 (140-160) күнге созылады.

Қойдың желіні (сүт безі) оның құрсақ жағында санның аралығына орналасқан және ол әрқайсысында бір-бірден желін болатын симметриялы келген екі бөлімнен тұрады. Буаз саулық қоздаған соң желінде уыз, сүт түзіледі. Қой уызының, сүтінің құрамына су, белок, май, углевод және көптеген құнарлы заттар бар. Уыздың түсі ақшыл-сары, дәмі сортаңдау және өзіне тән иісі болады. Оның құрамында көп мөлшерде қоректік заттар, дәрумендер мен ферменттер бар. Жаңа туған қозылар үшін уыз таптырмайтын азық (қоректік зат) болып табылады. Уыз ішек-қарынның алғашқы түзілген нәжістен тазаруына себепші болады және организмді ауруға қарсы тұра алатын қорғаныш заттармен қамтамасыз етеді.

 

Қой шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлері

Сақа қойлардың еті қой еті , қозылардан қозы еті өндіріледі. Басқа малдың етімен салыстырғанда қой етінің бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар. Ет өндірісінің жалпы балансында қой еті шамамен оның 10 пайызын құрайды. Қойдың барлық тұқымдарынан да ет алынады, алайда ет, ет-жүн және ет-май бағытына арнап өсірілген қой тұқымдарынан барынша мол ет алынады. Өте өсімтал болғандықтан қаракөл қойларының тұқымдары жақсы ет өнімділігімен көзге түседі.

Қой етін өндіруді онан әрі арттырудың негізгі жолы – қойды жайып-семірту және бордақылау жұмысын дұрыс ұйымдастыру, сондай-ақ тез өсіп жетілетін етті-жүнді қой шаруашылығын дамыту болып табылады. Қойды жайып-семіртуді мәдени жайылымдарда, ал бордақылауды – толық құнды азық қоспаларын бордақылау алаңдарында жүргізу тиімді. Шаруашылықтарда қозыларды енесінен ерте айыру, оларды азық қоспаларын пайдалана отырып өсіру ісін қолданады, бұл әдіс малдың өсіп-жетілуін едәуір жеделдетеді. Қозыларды енесінен ерте айыру саулықтарды тез қоңдандырып, күзде күйек науқанына пайдалану ісін жеделдете түсуге мүмкіндік береді.

Қой шаруашылығында малдың ет өнімділігін арттыру үшін аз өнімді саулықтарды етті-жүнді қой тұқымдарының қошқарларымен шағылыстыру жұмысын жүргізеді де, алынған будан төлді сол төлдеген жылында-ақ етке тапсырады. Қозыларды 4-8 айлық кезінде етке тапсырудың неғұрлым тиімді екендігі іс жүзінде дәлелденіп отыр. Дұрыс күтіп-баққанда мұндай қозылардың тірідей салмағы олардың 8 айлығы кезінде сақа қойлардың тірідей салмағының 70-80 пайызына жетеді, мұның үстіне жас төл өзінің қосымша салмағын арттыруы арқылы жұмсалған азықты әлдеқайда жақсы өтейді. Мысалы, қозылар 1 кг қосымша салмақ қосуға 5-6 азық өлшемін, ал сақа қойлар бұл үшін 10-12 азық өлшемін жұмсайды. Қозыларды төлдеген жылында етке тапсыру үшін саулықтарды қаңтар-ақпан айларында төлдетуді жоспарлайды.

Қойлардың ет өнімділігін сойыс салмағы және сойыс еті бойынша, ұшасының сорттық және химиялық құрамы,ондағы сүйек пен еттің арақатынасы және еттің калориялығы бойынша бағалайды. Іш майын (шажырқай, шарбы және бүйрегімен қоса бүйрек майы) қоса есептегендегі қойдың жаңа ғана сойылған жас етінің (сүйегімен бірге) салмағын сойыс салмағы деп атайды, ол кг-мен өлшенеді. Сойыс салмағының қойды 24 сағат аш ұстаудан кейін сояр алдындағы тірідей салмағын пайызбен көрсетілген қатынасын сойыс шығымы деп атайды. Құрамына қарай етті бұлшық етке, майға, сүйектер мен дәнекер тканіне бөледі. Бұлшық ет және май ткані ұшаның негізгі жеуге пайдаланылатын бөлігі болып саналады. Қойдың әр түрлі тұқымдарының ұшасында майдың таралып орналасуы бірдей емес. Қойдың кейбір тұқымдарында май шел қабатына және құрсақ қуысына шоғырланады, екіншілерінде – құйрығына, ал етті тұқымының қойларында, әдетте, бұлшық еттің аралығына және олардың ішіне қабат болып жиналады. Майдың бұлайша жиналуы етке ақшыл өң беріп, оның дәмдік және қоректік құндылығын арттыра түседі. Дәнекер ткані (сіңірлер, шеміршектер) ұшаның шамалы ғана бөлігін (1.7-3%) құрайды. Алайда қойдың жасы артқан сайын оның қоңдылығының төмендеуіне қарай мұндай тканнің мөлшері салыстырмалы түрде алғанда артуы мүмкін, бұл еттің дәмділік сапасын нашарлатады. Мұндай ет сүйкімсіз және қатты болады.

Қойдың ұшасын сорттық құрамы бойынша 8 бөлікке бөледі : арқа-жауырын бөлігі, бөксе бөлігі, мойны (бауыздау етін есептемегенде), көк ет, бауыздау еті, алдыңғы және артқы жіліншік. Арқа-жауырын және бөксе бөлігінің етін (ұша салмағының шамамен 75 пайызы) I сортқа жатқызады; мойын, төс және көк етті – II сортқа (ұша салмағының шамамен 17 пайызы); бауыздау еті, алдыңғы және артқы жіліншікті – III сортқа (ұша салмағының шамамен 8 пайызы) жатқызады.

Малдың қоңдылығы оның ет өнімділігіне тікелей әсер етеді. Қойларды қоңдылығы бойынша үш категорияға бөледі: жоғары, орташа және орташадан төменгі категория. Қоңдылығы жөнінен орташадан төменгі категорияның талаптарына сай келмейтін малды арық мал деп санайды. Малдың қоңдылығына қарай қой ұшасын мүшелеу мен сылуда алынатын өнімнің бақылау мөлшері белгіленген.

 

 

№1-ші кесте. Қой ұшасын мүшелеу мен сылуда алынатын өнімнің бақылау мөлшері

Ұша катего-

риялары

Сүйегінен ажыратылмаған ет (%)

Сылынған ет және

май

сүйек

Сіңір, шеміршек, ет қалдығы

 

I

II

Арық

 

73,5

65,5

56,5

 

24,8

32,3

40,5

 

1,7

2,2

3,0

 

Қойдың ұшасын екі категорияға бөледі. Жоғары және орташа қоңдылықтағы малдың ұшасын I категорияға, орташадан төменгі қоңдылықтағы малдың ұшасын II категорияға жатқызады. Қойдың қоңдылығының артуына қарай ұшаның бағалы бөлігінің мөлшері артып, сүйек, сіңір және шеміршектің мөлшері кемиді. Қойларды етке тапсырғанда олардың қоңдылығын мемлекеттік стандарт бойынша және бақылау сойысы жолымен анықтайды. Қоңдылығы нашар қой етінің құрамында судың мөлшері көп, ал майдың мөлшері аз болады, сондықтан мұндай еттің калориясы да кеми бастайды.

№2-ші кесте. Малдың қоңдылығына қарай оның ұшасының жұмсақ ет бөлігінің химиялық құрамы (%)

Ұшаның қоңдылығы

Су

(%)

Ақуыз

(%)

Май

(%)

1 кг еттің калориялығы(ккал)

Жоғары

Орташа

Орташадан төмен

 

58,5

68,3

70,0

17,7

20,0

21,0

23,0

10,7

8,7

 

2865

1815

1674

 

Қой азығы

Қой түлігі мәдени және табиғи өсімдіктердің көптеген түрін, тамыр, түйнек жемістілерді,астық пен бұршақ тұқымдас өсімдіктер дәнін, әртүрлі бұталы, ағаш қабығын, сабан мен топанды тағы басқа азықтана алады. Ол сонымен қоса ас қалдықтарын да, ондағы масақ пен жапырақты да теріп жейді. Ірі қара жайылған жайылымның орнына өргізгенде де олар жақсы тойынады. Қойдың үстіңгі ерні икемді, әрі күрек тістері өткір келетіндіктен шөпті тықырлап жеп, өсімдіктің майда қалдықтарын тере алады. Ол шөбі қалың, әрі аласа өскен өрісте жақсы жайылады, ал оттыққа салынған шөптің майда сабақтысын ұнатады.

Қой- жайылымдылық түлік, сол себепті де тар қорада ұзақ ұстаған болмайды. Қолда баға қалған жағдайда қойды кең қорада немесе ашық алаңда (қашаға) азықтандырып, еркін жүріп тұруына мүмкіндік туғызған жөн. Қойдың өрісі тым ылғалды болса да қолайсыз, өйткені ондай жерде түрлі ауру қоздырғыштар кездеседі,әрі тұяғы ауруға шалдығады. Қуаң далалы және далалы аймақтарда бұл аурулар сирек кездеседі.

Қойдың негізгі азықтарын мынадай топтарға бөлуге болады : 1) ірі; 2)балаусалы; 3) жем; 4)құрама жем; 5)жануар тектес; 6)минералды азықтар.

Ірі азық. Қойдың асқорыту органы ірі азықты қорытуға бейімделген, ал бұл рационда болмаған жағдайда ол азықты жөнді жемей, ас қорытуы бұзылады. Ірі азықтарға пішен, сабан мен топан жатады.

Пішен. Сапалы пішенде қойды құнарлы азықтандыруға қажетті барлық қоректік заттар бар. Оның қоректілігі ең алдымен шөптің ботаникалық құрамына байланысты. Пішенде бұршақ тұқымдас шөптер (жоңышқа, беде, сиыржоңышқа, эспарцет, әр түрлі бұршақтар т.б.) неғұрлым көп болса, ол соғұрлым сапалы келеді. Құрамында еркекшөп, бидайық, арпабас, атқонақ, екпе бидайық, түлкіқұйрық, көде сияқты астық тұқымдас өсімдіктері бар пішен де сапалы болады. Пішеннің сапасы шөпті шабу мерзіміне де байланысты. Шөп өскен сайын қоректік құндылығы да өзгереді. Шөптің буыны қатып көнерген сайын, оның құрамындағы протеині мен каротині азайып, клетчаткасы молаяды. Мұндай өзгеріс көне өсімдікте жапырақтың кемуінен және өсімдіктің өзінде қоректік заттардың азаюынан болады, сол себепті шөпті гүлдеген кезде шапқан жөн. Табиғи мал азықтық шөптердің сапасы жыл маусымына байланысты болады. Қойға ең жұғымдысы дала, құм, ал нашары – батпақты жердің шөбі.

Ең сапалы дала шөбін екі рет оруға болады, онда бидайық пен бұршақты өсімдіктер көбірек кездеседі.Далалы жердегі қоңырбас пен бетеге пішені сапалы келеді. Далалы аймақта боз шөбі көп өседі, алайда гүлдегеннен кейін шабылған боз пішені қолайсыз деп есептеледі, өйткені бұл өсімдіктің дәні жүнге жабысып,оны қатты ластайды.Құм – далалы шалғын шөп Қызылорда облысының Қызылқұм, Қарақұм қайнауында жатыр. Онда бетеге,айрауық,боз,тілқияар,айғыр қия сияқты өсімдіктер өседі.Мұнда шөпті дер кезінде шауып алса сапалы пішен дайындап алуға болады. Көлтабанды жерлерде де шөп бітік өсетіндіктен, ол жерден де сапалы пішен оруға болады. Сортаң жерлерде әртүрлі сораң шөптері мен сол жерге бейімделген басқада өсімдіктер кездеседі.Сортаң жердің пішенін қой сүйсіне жейді. Соңғы жылдары облыстың Жаңақорған,Шиелі аудандары қой шаруашылықтарында екпе шөптен пішен дайындау өрістеп отыр.Мұндай пішен арзанға түседі ,әрі онын протеин,каротин және минералдық тұздарға бай келетіндіктен құнарлы болады. Қойдың қай жастағысына болсын жоңышқа мен беде пішені өте сапалы болып есептеледі.Бұл шөптер протеин мен кальций тұзына бай келеді.Далалы аймақта егілген еркекшөппен,арпабастан могардан,судан шөбінен т.б пішен дайындайды.Мезгілінде шабылса бұлардан сапалы пішен алуға болады.Қойға арнап шоңышқамен қияқтан да пішен дайындайды.

Пішен дайындаған кезде өсімдік бойындағы қоректік заттарды мүмкіндігінше көбірек қалдыруға тырысу қажет. Пішен дайындаудың ең кең тараған әдісі мынадай: шөпті шабу, сол шабылған жерінде кептіру, тырмалап жалдау, шөмелелеу, шөмелені тасып маялау немесе лапас астына жинау. Ашық күндері шабылған пішенді 2-ші күні сақтайтын жерге сақтайды. Ол құрғақ, бірақ тым дегдіп кетпеуі (ылғалдылығы 17-18 пайыздай) тиіс. Пішенді байлағанда өртке қарсы шараларды мұқият ескереді. Пішенді жинар алдында жерге 1 қабат сабан немесе қалыңдығы 25-30 см-дей құрғақ бұтақ төсейді. Пішенді маялап болғаннан кейін төбесін бүйірінен 1,5-2 метрдей биік етіп шошайтады.

Пішенді престеп дайындағанда, оның қоректік заттары көбірек қалады, сонымен қоса сақтағанда және қойға таратқанда шығыны мүлдем аз болады. Пресс – жинауыш пішенді жалдан жинап, 20-22 пайыздық ылғалдылықта престейді.Ең бастысы, пішеннің ылғалдылығы біркелкі болуы тиіс, олай болмаған жағдайда теңнің іші қызып, әрі көгеріп кетеді. Сусымалы және престелген пішенді ең дұрысы сарайда немесе бастырма астында сақтаған жөн. Пішенді ашық алаңға маялағанда, оның үстін сабанмен не бар болса синтетикалық пленкамен қаптайды. Тым ылғалды пішенді (20-22 пайыздан жоғары) маялағанда ол қызып, көгереді де, қышқыл не күлімсі иісі шығады, түсі бұзылады, сөйтіп малға беруге жарамсыз болып қалады.

Пішеннің сапасын бағалағанда, оның мынадай физикалық белгілерін анықтайды: ботаникалық құрамы, шабылған өсімдіктің даму кезеңі, сабағының мөлшері мен ірілігі, бөгде қоспалар пайызы, түсі, иісі және шаңдануы. Химиялық сараптау жасағанда пішеннің құрамындағы протеинді, майды, клетчатканы, минералдық заттар мен дәрумендерді анықтайды.

Сабанның дәнді дақылдар егісі бар қой өсіретін шаруашылықтар үшін айрықша маңызы бар. Бұршақ тұқымдас өсімдіктердің сабаны жақсы қорытылады және қоректілігі де біршама тәуір келеді. Астық тұқымдастардан азықтық тұрғыдан ең тиімдісі тары, сұлы, арпа сабаны, ал күздік бидай мен қарабидайдың сабаны нашарлау. Сабанды жұмсарту және сіңімді ету үшін, оны турап, мүмкіндігінше булайды, биологиялық және химиялық өңдеуден өткізеді.

Сабанды өңдеудің ең қарапайым әдісі – турау. Қой жейтін сбанды ұзындығын 2-3 см етіп турайды. Оны ылғалдылығын 17%-тен асырмай сақтайды. Мұндай сабан ұзақ сақталып, азықтық қасиетін жоймайды. Өте ылғал сабанды турағанда тез бүлінеді. Сабанды турау үшін әртүрлі маркадағы сүрлем турағышты, ірі азықты турағышты, шауып турағышты, балғалы жармалағыштарды т.б. пайдаланады.

Сабанның сіңімділігін арттыру мақсатында қойға берер алдында оны жылы, тұзды сумен ылғалдайды. Ол үшін ағаштан науа жасап, оған аз-аздан туралған сабан салып, тұзды ертіндімен шылайды (25 шелек суға 1кг ас тұзын қосады). Суланған кесінді сабанды цементтелген шұңқырға салып, онда 12-18 сағаттай ұстайды да, сонан соң малға береді. Қой оны сүйсініп жейді. Суланған кесінді сабанды сақтауға болмайды. Оны малға сүрлемге немесе туралған тамыр-түйнек жемістілерге қосып беруге болады. Мұндай туралған сабанды жеммен дәмдендіруге де болады, сонда оның дәмдік сапасы жақсарып, желінгіштігі артады, әрі ас қорыту органына қолайлы әсер етеді.

Сабанды булағанда желінгіштігі артады, әрі азық көгерткіш саңырауқұлақтар мен микробтардан зарарсызданады. Булау үшін ағаштан ыдыс жасап, оның көлемін азықтың жұмсалуына қарай белгілейді. 1 м ³ ыдысқа шамамен 80кг-дай туралған және нығыздалған сабан сияды. Бу алу үшін бу қазандарын пайдаланады. 1 ц сабанды булауға 30-35кг бу жұмсалады. Сабанды 90°С бумен 1 сағаттай қыздырып, содан кейін ыдыста тағы да 2-3 сағаттай қалдырады. Сабаннан азықтың сарғыш түсі мен ұнамды нан иісі шығып тұрады.

Сабанды биологиялық жолмен өңдеу әдісіне ашытқылау жатады. Мұның өзі дәмдік және қоректілік сапасын жақсартып, желінгіштігін арттырады. Құрғақ ашытқыда 45-55 пайыздай азотты заттар бар, ол В тобындағы дәрумендер мен Д₂ дәруменіне де бай. Ашытқыланбаған сабанға қарағанда ашытқыланған сабан қойдың тірі массасын 10-12 пайызға арттырып, күйтін күшейтеді, сөйтіп саулықтың қысыр қалуымен ойдағыдай күресіге мүмкіндік береді. Ашытқылау азықтың биологиялық құндылығын арттырып, малдың өсіп-жетілуіне және өнімділігіне қолайлы әсер етеді.

Сабанды химиялық өңдеу әдісіне кальцилеу де жатады. Оны әктің шамалы дозасымен өңдеу жалпы қоректілігін арттырып, кальций тұзымен байытуға мүмкіндік береді. Сабанды кальцийлеу үшін құрамында 90-95 % кальций тотығы бар сөндірілмеген әкті пайдаланады. Сабанды 24 сағаттай кальцийлеген жағдайда, оның жалпы массасына 3 пайыздай кальций қосады (100кг сабанға 3кг сөндірілмеген әк). Бұлайша өңдегенде сабанның қоректілігі артады. 1 жастан асқан қойға суарар алдында 0,8-1,0 кг-дай сабан береді. Мұндай сабанды сүрлеммен немесе ұсақтап туралған тамыр-түйнек жемістілермен араластырып берген жөн. Қойға өңделген сабанды басында аздап беріп, бірте-бірте үйретеді.

Сабанды сулы аммиакпен өңдеу, оның қортылғыштығын арттырып, протеинмен байытады. Сабанды сулы аммиапен шылағанда сірке қышқылды аммоний пайда болып, мұның өзі кәдімгі мочевина секілді қой рационындағы қорытылатын протеин олқылығын толтырады. Азықты өңдеу үшін синтетикалық сулы аммиакты (концентрациясы 25-17,5%) пайдаланады. 1ц сабанға 12-17л сулы аммиак (концентрациясына қарай) жұмсалады. Сабанды цементтелген шұңқырда, ор секциясында немесе маяның өзінде өңдейді. Алғашқы екі жағдайда сабанды турап, нығыздап салады да, сулы аммиакпен шылайды. Ол үшін темір ұштығы бар шләңгіні пайдаланып, оны туралған сабанның әр жеріне, 25-30см тереңдікке батырады. Өңдеген кезде сулы аммиакты біркелкі жіберуге тырысудың онша қажеттігі жоқ, өйткені сабанды плнекамен жапқаннан кейін аммиак өңделген азыққа өздігінен біркелкі тарайды. Жабылған сабанды 4-5 күндей ұстап, сонан соң жабындысын алып, аммиак иісі ұшып кетуі үшін 3-5 сағаттай ашық қалдырады. Иісі кетісімен сабанды турап, дереу малға береді. Сабанды өңдейтін адамдар қауіпсіздік техникасының ережелерін бұлжытпай орындауы және қорғаныш құралдары (маска, көзілдірік болуы тиіс). Өңделген сабанды әр қойға тәулігіне 1-1,5 кг нан беруге болады.

Сабанды пайдаланудың ең дұрыс әдісі оны көк балаусамен әсіресе өте ылғалды (80-85%) келетін жүгері балаусасымен қосып сүрлеу. Туралаған сабанды сүрлегенде, оны көк балаусаға араластыруға, қабаттап салуға да болады. Көк балауса мен туралған сабанды ара салмағы 1:5 (1 ц көк балауса және 20кг сабан).

Қазіргі кезде мал бордақылау алаңдарында сабанды көк балаусасыз да сүрлейді. 1т сүрленген сабан алу үшін 350л су жұмсайды, ал оның дәмін жақсартып, қоректілігін арттыру үшін ең кемі 25кг ұн, 15кг ас тұзын және 5-6 кг мочевина қосады. Ашыту процесін үдету мақсатында арнайы ашытқыны пайдаланады (1 бөтелке ашытқыны 100л суға езіп, 2т сабанға қосады). Кейбір шаруашылықтарда сабанға 200-250кг сүт сарысуын, 8кг мочевина және 15кг тұз қосып сүрлейді. Осы қоспаны түгелдей суға езеді, сонда мұның жалпы көлемі 1т сабанға 1000л шамасында болады.

Топан сабан секілді ірі азыққа жатады. Бірақ онда клетчатка аз да, протеин көп. Желінгіштігі мен қоректілігі жағынан ең дұрысы бұршақ, сұлы дақылдарының және арпа мен бидайдың қылтықсыз сорттарының топаны. Қылтықты астық тұқымдас дақылдардың топанын алдын-ала өңдемесе (булау,химиялық өңдеу) қойға зиян келтіруі мүмкін, өйткені мұндай топанның қылтанағы ас қорыту жолдарының кілегей қабығын тітіркендіріп,ішекті қабындырады.

Балауса азықтар. Оған жататындар: көк шөп,балауса жүгері,жоңышқа, сүрлем және кейбір бақша дақылдары.

Табиғи және екпе (жасанды) жайылымның шөбі – қойдың жазғы негізгі азығы. Өсімдіктің өсу кезеңіне қарай шөпте 60-80 пайыздай су болады. Ол протеин мен минералдық заттарға бай, клетчаткасы шамалы (10-16%). Балауса, әрі жұмсақ шөпті қой сүйсіне жейді. Онда протеин, каротин және минералдық заттар өте көп болғандықтан малдың денсаулығы мен өнімділігіне қолайлы әсер етеді.

Шөптің органикалық заттары 75-85 пайыздай қорытылады. Жас шөптің құрғақ затындағы қорытылатын протеин мен жалпы қоректілік құрамы жемге жуықтау, ал дәрумендер құрамы жағынан асып түседі. Табиғи жайылымы жеткіліксіз немесе шөбі жөнді шықпайтын алқаптарда көп жылдық және біржылдық мал азығындық шөп егіп өсіруді жоспарлап, көп жылдық мәдени жайылым құрғаны жөн.

Сүрлем қой рационында азық қоректілігінің 20-40 пайыздай шамасында болады. Ол каротиннің – А провитаминінің негізгі көзі. Сүрлем беру саулықтың төлдегіштігіне және сүттілігіне қолайлы әсер етеді. Шөпті кептіргеннен гөрі сүрлегенде қоректік заттары аз жоғалады, сүрленген азықты сақтауға орын онша көп кетпейді, әрі азық қорын жылдың кез-келген мерзімінде сақтауға мүмкіндік береді. Сапалы сүрлемді бұршақты шөптерден, жүгеріден, күнбағардан, әр түрлі астық тұқымдас өсімдіктерден, сиыр жоңышқа-сқлы қоспасынан және жабайы шөптерден әзірлеуге болады.

Сүрленетін көк шөпті шауып, жалдап жинайды да, 3-5см ұзындықта турайды. Туралған шөпті сүрленетін жерге тасып әкеліп салады да, жақсылап таптайды. Сүрлеудің ең негізгі факторларының бірі сүт қышқылды ашу, соның нәтижесінде сүрленетін массада сүт және сірке қышқылы жиналып, қолайлы қышқылдық (РН-4-4,2) пайда болады, бұдан асып кеткен жағдайда протеин шіріп ыдырайды және май қышқылды ашу үдей түседі. Сүрлем массасында сүт қышқылының тез жиналуы, ондағы қанттың, азоты бар заттардың, сілтілі тұздардың және органикалық қышқылдардың мөлшеріне байланысты. Сондықтан көк шөпті сүрлемге шапқанда, оның қоректік заттары ең көп жиналатын кезеңін таңдап алу қажет. Өсімдік массасының ылғалдылығы 65-75% болсын. Мәселен, жүгерінің ылғалдылығы 85 пайыздан асса, оны таза күйінде сүрлеудің қажеті жоқ. Мұндай жоғары ылғалдылықтағы массаға майда туралған сабан қосады.

Сүрлеген кезде химиялық концерванттардың да пайдаланады (1т массаға 4-5кг натрий пиро сульфиты,1кг натрий нитраты т.б),бұлар азықты сүрлеген кездегі шіріткіш микробтардың қозуына жол бермейді.Дұрыс сүрленген азықты 15-20 күннен кейін малға бере беруге болады.Сүрлемнің сапасын анықтау үшін 15-20см тереңдіктен үлгі алады.Лабораториялық жолмен бағалағанда сүрлемнің қышқылдылығын,сүт сірке және май қышқылдарының ара салмағын,сондай-ақ каротин мөлшерін анықтайды.Көгерген және көң иісі шыққан сүрлемді қойға беркге болмайды.

Жем барлық мал үшін өте күшті азық. Онда қореқтік заттар мол.Бұлардың ішінде ең бағалысы және ең көп тарағаны-сұлы,арпа,жүгері,кебек,күнжара,шрот және әр түрлі құрама жем мен азық қоспалары.Жемдік қоспалалары.Жемді қойға көп беруге болмайды,өйткені бұндайда ірі азық аз берілсе қойдың ас қорыту органдарының қалыпты жұмысы бұзылып денсаулығы нашарлайды.Жемді тек рациоынды құнарландыру мақсатында пайдаланып,негізгі жем шөп ретінде ірі және балауса азықтарды алады.Қой рационында жем азықтағы жалпы қоректіліктің 20-40 процентіндей болады.Толық рационды азық қоспасында туралған ірі азық (пішен,сабан) және 1кг азықта 0,5-тен 0,8 азық өлшеміне дейін қоректілігі бар жем болады.Оған шөп ұнын,белокты-витаминды препараттарды,примиксті т.б. қосады.Азық қоспасы сусымалы түйіршікті болуы да мүмкін.Қазіргі кезде толық рационды азық қоспасы ірі механикаландырылған фирмаларда жаппай қолданылады.Азықтың мұндай түрі болған жағдайда,фермада оны таратуда толық механикаландыруға мүмкіндік туады.

Жануар тектес азықтар.Азықтың бұл түрінен қой шаруашылығында көбірек қолданылатыны сиыр сүті.Оны әлсіз және жетім қозыларға ішкізеді.Сиыр сүті мен шикі жұмыртқаны тұқымдық қошқарға шағылыстыру науқаны кезінде ұрық сапасын жақсарту және оның көп бөлінуін көздеу мақсатында береді.Кейде қойға қан мен балық ұнын жегізеді.Бұларда толық құнды протеин көп.Балық ұны әсіресе қозыға жақсы,өйткені онда протеинмен қоса фосфар қышқылды кальций көп.

Минералдық азықтар.Сақа қойға тәулігіне 10-15г,ал қозыға 5-8г тұз жеткілікті.Басқа минералдық азықтардан бор мен сүйек ұны пайдаланылады.Ылғал аз түсетін аудандарда қойға фосфар жетіспеуі мүмкін,мұндай жағдайда оларға фторынан айырылған фосфат,сүйек ұны немесе фосфар қышқылды кальций берген жөн. Егер қой рационы құнарлы болып,оның құрамында жеткілікті мөлшерде сапалы пішен мен сүрлем болса,онда қойға минералдық азықтар жеткілікті болады.Қойды азықандыруда микроэлементтердің айрықша маңызы бар,өйткені бұлар жетіспеген жағдайда малдың өнімділігі кеміп,әлжуаз болып өседі.Сондықтан топырағы мен азығында кобальт,мыс,марганец сияқты микроэлементтер жетіспейтін аудандарда қой рационына бұл элементтерді міндетті түрде қосу қажет.

 

 

Қойды азықтандыру және оны күтіп-бағу

Қойды нормалап азықтандыру негіздері

Қойды құнарлы азықтандыруды ұйымдастыру үшін оның әр түрлі шамадағы өнімділігіне және организмінің күйіне қарай қоректік заттарға деген қажетін білген жөн. Сонымен қоса негізгі азықтардың қоректілігі мен қасиетін және олардың рационға ең тиімді түрде үйлесуін білу қажет. Тек сонда ғана шаруашылықтағы бар азықты тиімді пайдалануға, шығынды аз жұмсай отырып, өнімді мол алуға болады.

Азықтың химиялық құрамы. Азықтың қоректілігі ондағы малды азықтандыруға қажетті қоректік заттардың мөлшеріне және күйіне байланысты. Өсімдік пен мал денесіндегі заттар судан ол минералдық және органикалық күрделі қоспалардан тұрады. Минералдық заттардың күл құрамында калий, натрий,кальций, фосфор сияқты элементтер болады. Мал денесі 80 пайыздайы фосфор мен кальцийден тұрады. Қалған бөліктері калий, натрий және кобальт, йод,темір,күкірт,марганец сияқты микроэлементтер.

Минералдық заттар мен микроэлементтер организм тіршілігінде ең маңызды, әр тарапты роль атқарады. Жатырдағы төлдің дұрыс дамуы, малдың өсіп-жетілуі, оның өнімділігі мен денсаулығы осы заттардың организмдегі құрамына байланысты.

Негізгі азықтағы минералдық заттардың мөлшері әртүрлі. Сұлы мен кебекте фосфор көп те, кальций аз. Жайылым шөбі мен пішенде, әсіресе бұршақты азықтарда кальций едәуір мол, ал фосфор біршама аз. Рацион жасағанда түрлі азықтарды үйлестіре отырып, малға керекті бұл азықтарды қажетті құрамға жеткізу керек.

Азықтың органикалық бөлігі заттық құрамы жағынан әр түрлі және күрделі болып келеді. Оны азотсыз және азотты заттар деп атайды. Азықтағы азотты заттарды протеин және белоксыз азотты заттар (амиттер) деп бөледі.

Белоктар- малдың өмір көзі және онсыз тіршілік жоқ. Олар көк шөпте, тамыржемістілерде мол. Мал қорек ретінде белокты, сондай-ақ белоксыз азотты заттарды да пайдаланады, сондықтан малды азықтандырған кезде жалпы протеин мөлшерін есептейді.

Белоксыз азотты заттар тобына шикі май мен көмірсутек кіреді. Пішен,шөп,сүрлем, тамыржемістілер сияқты азықтарда май аз. Ол сұлыда, жүгеріде (5-6%) және күнжарада (5-10%), біршама көп. Қойдың денесіндегі май 3-тен 60 пайызға дейін ауытқиды. Май қорының мал үшін қысты күні айрықша маңызы бар.

Көмірсутектілерге өсімдікті азықтар бай келеді: углеводтарды клетчатка, крахмал, қант т.б. деп бөледі. Азық көмірсутегінен мал организмінде май мен энергия пайда болып ол қозғалысқа, денедегі тұрақты температураны ұстауға және ішкі органдардың жұмысына жұмсалады. Клетчатка- өсімдік клеткасы қабығының ең негізгі құрамды бөлігі. Ол сабанда көп (40-45%) Пішенде 20-30 пайыздай клетчатка бар. Ол дәнді азықтарда (2-10%) . Жас өсімдіктерде қой ағзасында ол жақсы қорытылады. Дәрумендер. Бұлар азықта аз мөлшерде ғана кездеседі де, организм тіршілігі үшін айрықша маңызы бар. Азықта дәрумендер жетіспеген жағдайда организмнің функционалдық қызметі бұзылып, мал азықты жөнді жемейді, ал жас төлдің өсуі тежеледі. Қойды азықтандыруда А және Д дәрумендерінің ерекше маңызы бар. Өсімдікті азықтарда А дәрумені жоқ, бірақ кейбіреуінде каротин болады. Каротин сәбізде, жасыл өсімдіктерде, көк шөп сүрлемінде, сапалы пішенде мол. Дәнді азықтарда, сабанда, азықтық қызылшада каротин шамалы болады.

Жайылымда көк шөпке тойынған қой каротинге деген қажетін толық өтеп, бауырда А дәруменінің қорын жасайды. Осындай қор бар қойды қыстың алғашқы жартысында бұл дәруменнің жетімсіздігін сездірмейді. Алайда қыстың екінші жартысында азық арқылы каротин аз келсе организмде А дәрумені азаяды. А дәруменінің жеткіліксіздігінен әсіресе қозылар, буаз және қозылы саулықтар көп зардап шегеді, сондықтан каротинге бай жемшөпті (сапалы пішен,сүрлем) үнемдеп жұмсап, оны төл мен саулыққа берген жөн.

Қойды азықтандыруда Д дәруменінің айрықша маңызы бар. Ол жетіспеген жағдайда төл рахитке шалдығады. Табиғи азықта Д витамині тапшы, алайда жазда қой сонын жетімсіздігінен зардап шекпейді. Күннің ультракулгін сәулесінің әсерінен қойдың терісінде жеткілікті мөлшерде Д витамині түзіледі. Бұл кезде қозылы саулықтың сүтінде Д витамині молайып қозы рахиттен жазылып шығады. Қыс айларында рахитті болдырмау үшін қойға сапалы пішен, туралған шөп ұнын беру керек. Емдік және сақтандыру мақсатында өнеркәсіп Д витаминінің препаратын жасап шығарады.

Азықтың қоректілігі. Азықта қойға қажетті қоректік заттар мен витаминдердің аз-көптігіне қарай, олар құнарлы және құнарсыз болып бөлінеді. Құнарлы азық қойды жақсы тойындырады. Мұнда азықтар: көк шөп, шөп ұны және сапалы пішен, әсіресе бұршақ тұқымдастар. Басқа азықтар белгілі бір шамада құнарсыз деп есептеледі. Азықтың қасиетін біле отырып оларды өзара үйлестіруге,сөйтіп құнарлы рацион жасауға болады. Сондықтан малды құнарлы азықтандыру үшін әрбір азықтардың ерекшелігін білген жөн.

Азықтың қоректілігіне көп жағдай әсер етеді: сорты, өсімдіктің вегетациялық сатысы, сақталуы т.б.

Азықтың қортылғыштығы. Азықтағы заттар қой ағзасына сіңуі үшін өңделуі (қорытлуы) тиіс. Мұндай өңделу ас қорыту органында болады. Азықтағы азоттар неғұрлым көп қорытылып, мал мол пайдаланса, оның қоректілік құндылығы соғұрлым жоғары. Азықтың қортылуы қойдың жасына да байланысты. Мәселен сақа қойға қарағанда жас қозылар өсімдікті азықтарды (әсіресе ірісін) толық пайдалана алмайды.

Қой пішеннің ірі сорттары мен өңделмеген сабанды жөнді қорытпайды. Азықтың қортылғыштығын білу арқылы қойдың әртүрлі жемшөптегі қорытылатын протеинді, майды және көмірсутектерді қаншалықты сіңіретіндігін анықтау қажет. Біздің елімізде салыстырмалы өлшем ретінде азықтың жалпы қоректілігін сапасы орташа 1 кг сұлының қоректілігі бойынша алады да, мұны азық өлшемі деп атайды. Азық өлшемі бойынша, барлық азықтардың қоректілігін белгілейді.

Азықтың жалпы қоректілігін білу, басқа малдарға қарағанда қой түлігі жекелеген азықтарды өте жақсы пайдаланатындығын анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, олар шалғынның майда пішенін жақсы сіңіреді. 1 кг мұндай пішеннің жалпы қоректілігі (сұлы бойынша алғанда) 0,6-0,7 азық өлшеміне тең.

Нормалап азықтандыру. Азықтандыру нормасы- әр түрлі жыныс және жас тобындағы қойдың қоректік заттардың тәуліктік мөлшері. Қойды азықтандыруды азық өлшемі, протеин, фосфор, кальций, каротин бойынша нормалайды. Сондай-ақ амин қышқылы, микроэлементтер, Д витамині т.б. құрамы анықталады. Қойды азықтандыру нормасы оның негізгі өнімділік бағыты мен тұқымына қарай жасалған. Мұның өзі орташа қоңдылықтағы қойға және көп қалдық қалдырмай (10% дейін) жейтін сапалы азыққа арналған. Норманы екі көрсеткіші бойынша белгілейді. Жоғары норманы асыл тұқымды және өте тиімді малдарға жасайды.

Саулықты буаздығының екінші жартысында норма бойынша құнарлы азықтандырудың айрықша маңызы бар. Іштегі төлдің тез өсуіне байланысты саулықтың азық өлшеміне қажеттілігі 30-40 пайыз, қорытылатын протеинге 40-60 пайыз артады. Саулыққа берілетін азықта каротин жеткілікті болуы тиіс.

Буаз саулықтың қысқы рационында ірі азық пен сүрлем көбірек болуы тиіс. Буаздығының бірінші кезеңіндегі тірі массасы 50-55 кг саулықтың азық өлшеміне, қорытылатын протеинге, кальций мен фосфорға деген қажетін, мәселен 2 кг пішенмен қанағаттандырады. Саулық 4-5 айлық буаздығында қоректік заттарды өте көп қажет етеді, сондықтан рациондағы ірі азықтың біразын жеммен алмастыру керек.

 

Қолда бағу кезеңі. Қойды қолда бағу кезеңінің ұзақтығы ара райына байланысты. Қызылорда облысында қой жыл бойы жайылымда бағылады.

Азық дайындау. Қыстатылатын барлық қойды ірі, балғын, жем азықтармен қамтамасыз ету қажет.

Қойды қолда бағуға көшірер алдында қысқа арнап дайындалған жемшөптің үштен бірін қыстауға тасып, қалғанын 1-15 қаңтарға дейін жеткізеді. Сонда оны сапасына қарай тиімді пайдалануға қолайлы мүмкіндік туады.

Қойды қыстауға көшірер алдында баз бен қораны қидан,қоқыстан тазартып, дезинфекциялайды. Еденнің 1м² аумағына 5кг есебінде сабан төсейді. Қыстаудың алғашқы кезінде қалың төселген сабан қойдың қиымен араласып, жақсы тапталады. Осының нәтижесінде тығыз сабан “төсеніш” пайда болып, ол несепті жақсы сіңіреді, әрі қораны сыздан қорғайды. Қораның сыз тартуына ешқанадай жол бермеу қажет.

Қора-жайды жөндеумен қоса құрал-саймандарды- науаны, су құятын астауды және жылжымалы шарбақты ретке келтіреді. Ұқыпты жөнделген жабдықтар мен құрал-саймандар жұмысты жеңілдетіп, қойдың азығы үнемделеді. Құдықтың айналасын дөңестеу етіп жасап, су құдыққа қайта құйылмайтындай етеді. Су құялатын астау қойылатын алаң тегістеледі. Қолда баққан кезде қойды базда азықтандырады. Қораны желден паналау үшін, оның қабырғасының биіктігін 3-3,5м биік етіп көтереді. Қыста қойды азықтандыру аралығында қораға қамайды. Әсіресе буаз саулықты суықтан қорғау қажет.

Қойды қолда бағуды 7-10 он күнде көшіреді. Алдымен өсіруге қалдыратын төлдерді, сонан соң қошқарларды, саулықтарды, ең соңында ісектерді қыстатады. Күн салқын болған жағдайда таңертең қойды өріске шығарар алдында аздап пішен (әр басына 0,3-0,5 кг ) жегізеді, сонан соң пішенді өрістен қайтқанда береді. Осылайша күн сайын берілетін пішенді көбейтіп отырады. Қойды өріске желдің ыңғайына қарай шығарады. Таңертең отарды желге қарсы өргізіп, кешке қарай қораға желдің ығымен айдап әкеледі. Жайылымға 10-15тей см-дей қар түскенде қойды өріске шығаруды доғарады.

Қойды азықтандыру техникасы. Қыстатудың бастапқы кезінде қойды ең сапалы жемшөппен азықтандырады. Бұл кезде сапалы пішен береді, өйткені жайылымның құнарлы шөбіне тойынып жүрген қойға бірден сапасыз пішен берсе қой қоңынан тез таяды. Бұдан гөрі сапасы орташа азықты (пішен, сабан) қойға аязды күндері берген жөн. Қыстың аяғына сапалы пішенді сақтап қалу керек. Төлге және буаздығының екінші жартысындағы саулыққа ірі азықтан жегізген жөн. Қойдың барлық тобына балғын азық беріледі. Күзден бастап қойды азықтандыруға сүрлем пайдаланылады. Жемді ең алдымен қошқарға, өсіп-жетіліп келе жатқан төлге, қозылы саулыққа және буаздығының екінші жартысындағы саулыққа береді. Ең сапалы пішен мен жемнің біразын қыста туатын қозыларға қалдырады. Таңертең және кешке қарай қоректілігі шамалы ірі азықтар, ал күндіз сапалы жемшөп беру қажет. Қойға балғын азықты суғарар алдында береді. Жемді суғарып болған соң құрғақтай береді. Тұз, бор және басқа да минералдық қоспалар үнемі оттықта болуы тиіс.

Қойды азықтандыру техникасы. Қораны шарбақпен бірнеше бөлімге бөледі. Оның санын әр қойға 25см оттық келетіндей етіп белгілейді. Ауа райы бұзылғанда (жауынды, қарлы, боранды күндері) қойды қорада азықтандырады. Оттықтарды қатарлап қойып, олардың аралығын 3-3,5м болатындай етеді. Қойға, әсіресе буаз саулыққа шіріген және үсіген азық беруге болмайды. Әсіресе қойға тоңазыған сүрлем беру қауіпті. Мұның өзі малды ауруға шалдықтырып, ішін өткізеді. Кейде саулықтар жаппай іш тастайды.

Қойды азықтандыру, пішеннің, сүрлемнің, жемнің тәуліктік нормасына байланысты. Мұның өзі малдың қоңы, беретін жүні, оның сапасын сақтауға себепші болады. Саулық әлсіз қозы туылмайды, оны жақсы тойындырады. Жемшөпті үнемдегенде ең алдымен орынсыз ысырапқа жол бермеу қажет. Дұрыс маяланған пішен мен сабанның қоректік заттары жақсы сақталады. Пішенді тасымалдағанда да ысырапқа жол бермеу керек. Күде мен маяға мал жіберуге болмайды. Мұндай жағдайда шөптің желінгенінен аяаққа тапталып ысырап болуы көбейеді. Оттыққа салынған пішеннің де шашылмауын қадалаған жөн. Ол үшін оттықты дер кезінде жөндейді не жаңалайды. Шұңқырдағы немесе ордағы сүрлемді алғаннан кейін, оның сабан- топанмен жақсылап қымталуын шопан мұқият қадағалауы тиіс. Жем сияқты қымбат азықтың төгіп шашылуына мүлде жол берілмеуі тиіс. Жем салатын оттық шұңғылдау болғаны жөн. Жемшөптің ысырабын азайту арқылы үнемдеу нәтижесінде қой шаруашылығы өнімдерін өндіруге кететін шығынды едәуір азайтуға болады.

Қой суару. Су құбыры бар шаруашылықтарда қойды суару жұмысы едәуір жеңілдейді. Ол болмаған жағдайда қойды қыста құдықтан суарады. Суарған кезде қойдың тым үймелеп кетпеуін қадағалайды. Олар бірін- бірі басып жаншымауы үшін су құйылған науаға шағын тобымен жібереді. Бір мезетте суарған кезде әр қойға 0,20-0,25м нау келуі тиіс. Қойды азықтандырғаннан кейін суарған дұрыс. Суарар алдында шопан науаны мұздан тазартады да, суат айналасында құм не күл шашып тастайды.

Қой қорадағы барлық жұмысты белгілеген күн тәрібіне сай атқарылады. Сонда қой белгі бір режимге тез дағдыланып алады да, мұның өзі жұмыс істеуге де ыңғайлы келеді. Қойды қолдан баққан кезде мынадай күн тәртібін белгілеуге болады. Сағат 6-дан 7-ге деин- оттықты тазарту ; 7-9- қойға пішен шашу; 9-10- сүрлем тарату; 10-16-суару, жаю немесе серуендету; 16-дан 18 сағатқа деин – қойға жем беру және түнге қарай пішен немесе сабан шашу.

Қойды қыста жаю. Біздің еліміздің облыста азық және климат жағдайы қойды қыста да жайып бағуға мүмкіндік береді. Мұндай жаю қойды бағу құнын едәуір кемітеді. Қыста жайылған қойдың денсаулығы артып, азықты жақсы жейді, төл тез жетіліп, жүні молайады. Қысқы жайылымда пішен мен жемнің қолайсыз күндерге (мұз тайғақ, боран т.б.) арналған сақтық қоры және жауын- шашынды күндері паналататын жеңіл құрылыстары болуы тиіс. Күшті жел тұрып қар жауып, күн суытақанда, қойды қорада ұстайды. Қардың қалыңдығы 10см-ден асқанда қой жаюды доғарады. Қыста қойды өріске күндіз (сағат 11-ден кейін) өргізіп, күн батпай қоралатады. Қойдың қоңы тайғандығы байқалса дереу жемдейді. Оған қосымша ірі азық немесе жем береді.

Қыстатылатын қойдың күтімі. Қойды лас қораға қамауға болмайды. Несеппен қи садырасындағы аммиактағы қосылыстар қой ағзасына зиян. Саулық отарын қорадан шығарғанда, азықтандырғанда, суғарғанда және басқа да жерлерде бірін- бірі сығылыстырып, басып- жаншуына жол бермеу қажет.

Таңертең қойлардың ауру-сырқаулары жөтеле бастайды. Мұндай малды белгілеп, кейіннен оларды көзден таса етпей, қадағалайды. Қышынып немесе мазасы кеткен қойларды қарап оның себебін анықтайды. Шопан отарды қарап болғанша қойлар орнынан тұрады, содан кейін оларды базға шығаруға болады. Егер қора қапырық, ал аула аязда болса, онда отарды шығарар алдында қақпаны ашып біраз желдетіп алады, бірақ өтпе жел болмауы тиіс. Қатты боранда қойды қорадан шығаруға болмайды. Жүнге жабысқан қар оны қатты ылғалдандырады, содан малға суық тиюі мүмкін.

Қылшық жүнді қой тұқымның жүні түбіттен, қызылшықтан және аралық талшықтан тұрады. Онда құрғақ және өлі түктер кездеседі. Өндірістік жіктелуі бойынша қылшық жүнділерге қойдың мынадай топтары жатады: тондық, елтірілік, етті- майлы және етті-жүнді-сүтті тұқымдар.

Қаракөл қой тұқымы. Қойдың бұл тобына қаракөл, сокол, решитилов тұқымдары жатады. Ең бағалы елтірі қаракөл тұқымының қозысынан алынады. Қаракөл қойының ең басты ерекшелігі, оның қозысының құрсақта даму кезіндегі және туғаннан кейінгі алғашқы күні жүнінің өзіндік әсем бұйралығы. Қаракөл қозысы өте әдемі және ерекше бұйралы елтірі береді. Қаракөл қойының тұқымы аса қолайсыз аңызақ климат пен жыл бойы өсімдігі тапшы жайылымда бағу жағдайында қалыптасты және жетілдірілді. Мұның өзі оның экстерьері мен конститутциясына да елеулі әсер етеді. Қойдың бұл тұқымы өте төзімтал және шөл мен шөлейт жайылым жағдайына жақсы бейімделген. Сақа қойдың басы сопақша, ептеп бүкірлеу және салпаң құлақты. Сүйектері мықты, ұзын сирақты және ол берік келеді. Құйрығы жалпақ, оған май көп жиналады, құйрығының ұшы S тәрізді иректеліп бітеді. Саулығы 45-50кг тартады. Қошқарында жақсы жетілген мүйізі болады, ал саулығы, әдетте, мүйізсіз. Жүні әртекті қылшықтан тұрады, оның ұзындығы 8-9см. Саулығының жабағы жүні 1,5-2кг, күзем жүні- 0,7-1,3кг. Бұл тұқымның қойында үш конституционалдық тип бар: мықты, сөлекет және нәзік. Елтірісі ең жақсысы және шөлге көбірек бейімделген мықты типі. Қаракөл қойының елтірісі түсіне қарай қара , көк, қызылқоңыр, әр түрлі реңді сұр, ақ және қызғылт болып бөлінеді. Қойдың көпшілігі (80% жуығы) қара қозы табады. Көк түсті елтіріде қара және ақ талшықтар аралас өседі. Сұр түсті елтірінің ерекшелігі сол, оның қылшығы қара түсті келіп, ұшы ақшыл (күміс түсті сұр) немесе қызылқоңыр (алтын түсті сұр) түсті келеді. Түсті елтірілер (сұр, ақ, қызғылт, платина түстілер) дүние жүзілік нарықта өте жоғары бағаланады. Қаракөл тұқымының қойы тиянақты түрде тұқым қуалайды, сондықтан оны құйрықты және қылшық жүнді тұқымдарды жақсартуға пайдаланады.

Етті (құйрықты) қойлар. Бұл қойлардың ең басты өнімі- ет пен май. Олардың тірілей массасы өте жоғары келеді, құйрығына майды көп жинайды. Қойды шөл және шөлейт жағдайда ұзақ уақыт бойы бағудың нәтижесінде оның конститутциясы берік, төзімді келеді, әрі шөбі сұйық жайылымда жақсы семіреді. Бұл қойлардың барлығы дерлік қылшық жүнді, онда өлі талшықтары көп кездеседі.Саулығынан 1-2кг жүн қырқылады. Жүні өнеркәсіпте түрлі жүн бұйымдары мен киіз басуға пайдаланылады.Өнімі осы бағыттағы біздің облыста қойдың мынадай тұқымдары жатады: еділбай, атырау және ордабасы тұқымдары.

Гиссар қойы Тәжікстанда, Өзбекістанда және Қазақстанның оңтүстік аймағында өсіріледі. Қызылорда облысы ет бағытындағы еділбай, қазақы саулықтарын гиссар қошқарларымен шағылыстырып будан алу жұмыстары жүріп жатыр.

Етті-жүнді тұқымдар. Қазақстанның барлық аудандарында өсіріледі. Олардан ет, жүн өндіріледі. Терісі тон жасауға, жүнін жергілікті тұрғындар байпақ басуға және бурка тоқуға пайдаланады. Бұл қойлардың өнімділігі көп жағдайда төмен. Оларды негізін өнімін алу үшін шаруашылық мақсатында өсіреді. Олардың барлығында ұзындығы мен формасы әр түрлі майлы құйрығы болады.

Бұл қой тұқымдары майлы құйрығының формасы ерекше, көбінесе қаракөл қойының құйрығына ұқсас келеді. Олар жергілікті жерге жақсы бейімделген. Саулығы 40-50кг тартады. Жүні ақ және қара түсті. Саулығынан жылына 1,5-2 кг жүн қырқылады. Жас қой етінің дәмдік сапасы жақсы, сондықтан оған жергілікті жерде сұраныс көп.

Қойды қыста азықтандыру және бағу гигенасы. Қойды күтіп баққанда, оны қоректік заттармен қамтамасыз етумен қоса, азықтың сапалы болуын ойластырудың да айрықша маңызы бар. Малдың ауруға жиі шалдығуының басты себептерінің бірі – азықтың сапасыздығы. Азықтың сапасыздығы әр түрлі себептерден болады. Жауын-шашынды күндері жиналған пішен мен басқа да азықтар шіріп, көгереді, ал дәнді азықтар өніп кетеді, сондықтан бұндай азықтарды малға беруге болмайды.

Сапасыз азықты жеген малдар шаншу, қарын мен ішектің қабынуы секілді қатерлі ауруға шалдығады. Жемшөп дұрыс сақталмаса да бүлінеді. Шіріген (көгерген) азық малдың ас қорыту ағзаларын ауыртып,буаз саулықтар іш тастайды. Қой улы шөпті және оның дәнін жесе де осындай ауруға шалдығады.

Сонымен, малды азықтандырар алдында жемшөпті мұқият қарап, тиісінше жеуге әзірлеудің (шіріген,көгерген азықты тазарту) айрықша маңызы бар. Оттықты да таза ұстап, ондағы қалған азықты тазартып, жууып, оны айына 1-2 рет дезинфекциялап тұрады. Пішен мен сабан маясын сақтағанда жақсылап қоршап, оған жұқпалы ауруы бар малды мүлде жолатпайды. Жемді, әсіресе құрама жемді құрғақ орында сақтап, оларды қамба зиянкестерінен, көгеруден және шіруден қорғау қажет.

Мал ішетін судың жарамдылығын мал дәрігері анықтайды. Кейбір жағдайда судың сапасын оның физикалық қасиеті бойынша бағалайды. Су мөлдір болуы тиіс. Лай суды тазартпай тұрып мал суаруға болмайды, өйткені оның ішек-қарынды ауруға шалдықтыруы мүмкін. Судың түсі ондағы органикалық және не органикалық қоспалардың құрамына байланысты. Мәселен, темір тотығы суды сарғыш – қоңыр немесе қоңыр түске, ал балшық сарғыштау түске бояйды. Балдыр судың түсін жасылдау тартқызады. Органикалық заттарды ыдыраған кезде судың сасық иісі белокты заттар шірігенде – күкіртті сутегі, ал қи немесе несеп араласқанда аммиак иісі шығып тұрады. Мұндай су санитарлық тұрғыдан алғанда күмәнді деп есептелінеді. Судың сергітетін дәмі болуы тиіс. Суда кейбір тұздар мен органикалық заттар көбейген жағдайда дәмі бұзылады. Сасық иісі, күкіртті, сутегі дәмі бар су мал ішуге жарамайды. Мал ішуге жарамайтын суды тұндыру және сүзу арқылы тазартады. Суды әдетте темір бетоннан жасалған бассейінде тұндырады. Су қоймасы мен тоған суына лай су ағып келмесе өздігінен тұнып тазаруы мүмкін. Суды 5-8 сағаттай тұндырады.Осы уақыттың ішінде су бетінде қалқып жүрген ірі заттар мен микроорганизмдердің біраз бөлігі (60-70% дейіні) түбіне шөгіп, су мал ішуге жарамды қалпына келеді. Суды тазарту үшін суат маңынан сүзгіш құдық жасайды. Ашық суаттан алынған суды мүмкін болса хлорлау ұсынылады. Ол үшін 1-2 проценттік хлорлы әк ерітіндісін пайдаланады.

Қойды жайылымда азықтандыру және бағу гигиенасы. Қойды жайылымға шығарар алдында мал дәрігерлік байқаудан өткізіп, қажетті сақтық егу шараларын жасайды. Міндетті түрде тұяғын тексеріп, қажет болса жонып тазартады. Арық, әлсіз және ауру қойларды бөліп алып, олардың азығы мен күтімін жақсартады.

Қойды жайылымға шығарғанда жұқпалы ауру шыққаны немесе малдың кенеттен жайылымда өлгені байқалса, онда шопан ауырған қойды дереу оқшаулап, отардан өлген қойдан шеттетіп, оған ит жібермей, тез арада мал дәрігерін шақыруы тиіс.

Жайылымды тиімді пайдалану үшін, оған қой жаюдың жоспарын жасайды. Қой жаймас бұрын жайылымның тазалығын тексереді. Жайылымдағы жерлер бұталары кесіліп, өртеледі, мүмкіндігінше улы шөптер құртылады. Батпақтанған участкелер құрғатылады. Шалшық су жиналған көлшік пен шұқыр кептіріліп жабылады. Жайылымды бірнеше өріске бөледі. Әр өрісте қой 5-6 күннен артық жайылмауы тиіс.

Қойды өрістете жаю инвазиялық аурулармен күрес шараларын жүргізу қажет.

Қызылорда облысының мал жайылымдық аймақтары шөл, шөлейт, шаруашылықтарында қойды, мәселен, көктемде жазық жерлерге жаяды. Кейде қой отарларын шалғай жайылымдарға апарып жаяды.

Қойды шалғай жайылымға көшіруге 1 ай бұрын әзірленеді. Бұл кезде мал дәрігерлері мен санитарлары қойды инфекциялық және инвазиялық ауруларға қарсы егеді. Жаңадан құрылған отардағы мал санын есепке алады. Ауру әлсіз, арық қойларды шалғай жайылымға жібермейді. Мамандар мал айдайтын трассаны тексеріп шығады, жол жөнекей қойды азықтандыратын және суаратын орындар белгілейді. Малды айдағанда бекітілген маршрут пен қойды өргізу графигін орындайды. Қой, ауық – тыныға отырып күніне 10-15 км жер жүруі қажет (әр 3 сағат жол жүргеннен кейін 1-1,5 сағат, 1 тәуліктен кейін – 10-12 сағат және 10-15 күн жүргеннен кейін 2-3 күн тынықтырылады). Мал аялдаған жерде соны жайылым мен жем мол болуы тиіс. Қойды тәулігіне 2 рет суарады. Қойды шалғай жайылымда бағу жүйесінің тиімділігі сол, аймақтың кең байтақ жеріндегі табиғи жайылымды пайдалануға және осы арзан жемшөппен жоғары сапалы жүн мен қой етін мол өндіруге мүмкіндік туады.

Бордақылаудағы қойды азықтандыру және бағу гигиенасы. Қойды бордақылау – қой етін мол өндірудің және оның сапасын жақсартудың басты мүмкіндіктерінің бірі. Қойды қолда бордақылаумен қоса, жайып семірту, яғни жайылымда бағып бордақылау әдісі де қолданылады.

Қойды жайылымда бағып семіртудің екі жолы бар: қарқынды және дәстүрлі жолы. Қарқынды жайып семірту орта есеппен 60 күнге созылады. Мұндай әдіспен бордақыланған қойға қосымша жем беруді ұйымдастырады. Осылай жайып семірткенде төл орта есеппен тәулігіне 200-250 г, ересек қой – 150-200 г салмақ қосады. Дәстүрлі жайып семірту жаз айларында 3 айға созылады. Бұл әдіспен жұмыс дұрыс ұйымдастырған жағдайда қозы тәулігіне 150-180 г, ересек қой – 100-150 г салмақ қосады. Жайып – семіртудің бұл түрінде кейде қоңы төмен қойларға қосымша жем береді. Ал қойды қолда бордақылау жылдың кез келген мерзімде, негізінен жаз айларының соңынан басталып,желтоқсан айында аяқталады.

Қойды жайылымға шығарарда ересек қой мен енелерінен ажыратылған қозылардан бөлек арнайы отарлар құрылады. Отарлар құрамы неғұрлым біртекті болса, олар жайылымды соғұрлым тиімді пайдаланады. Қойды жайып семіртуді екі мерзімде – көктем мен жазда және жаз бен күзде өткізеді. Көктемде жайып семіртуге сол жылы туған төлдерді, ал жаздың екінші жартысында –ет өндіруге шығарылған кәрі саулықтар мен ісекті шығарады. Әр отарда орта есеппен 500-550 басқа жуық қой болуы тиіс. Отарды сұрыптағанда және құрғанда қойды мал дәрігері қарап шығады, ауырған және ақсаған қойларды жайып семіртілетін отарға қоспайды. Жайып семіртуге және бордақылауға арналған малдың салмағын өлшеп,есепке алады. Жайып семіртілетін қойлардың күйін бақылап отырады, ай сайын салмағын өлшеп тұрады.

Отарды жайып семірткенде, қойдың көп жүрмеуін және жайылымда тойына жайылуын осыған орай малдың суаты өріске жақын болуын қарастырады. Кейде қойды алыс суатқа айдап суармас үшін суды автоцистернамен тасып жеткізеді. Ыстық күндері жайып семіртілетін отарды түнде де жаяды. Қойды бордақылаған кезде жайылым өрісін жиі ауыстырып тұрады. Жаңа жайылымда шөбі әртүрлі болған соң қой сүйсіне жайылады. Мәдени жайылымда жайып семірту едәуір тиімді келеді: қой көп жүрмейді, олар тез тойынып, жақсы күйіс қайырады. Мәдени жайылымда да қой суатына көңіл бөлу қажет. Суат басына науа орнатып, оған мал азықтық тұз және минералдық заттарды жемге қосып береді.

Қойды қыс айларында бордақылағанда іші құрғақ қорада, ашық базда немесе арнайы бордақылау алаңында күтеді. Жазда қой тынығатын жерде күннен көлеңкелететін бастырма болуы тиіс. Бордақылаған кезде мүмкін болса малға азықтарды туралған пішен, әр түрлі құнарлы жемшөп қоспасы, сүрлем т.б. түрінде береді. Бордақылау мысалы, «Бесарық» кешенінде 5000 және одан да көп қойды бір мезгілде бордақылайды. Мұнда көк шөпті, әр түрлі жемшөп қоспаларын және құрама жем азықтарын кеңінен пайдаланады. Кешен азықты тарату жұмысы толық механикаландырылған, ал қойды суару үшін су құбыры арқылы орындалып отыр. Мұндай бордақылау алаңдары Қызылорда облысы аудандарында бар. Қойды өнеркәсіптік негізде бордақылауға

көшіру қой етін өндіруді едәуір арттырып, оның сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін қой шаруашылығы басшылары мен мамандар игеріп отыр.

 

Қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа технологиясы.

Қой шаруашылығын онан әрі дамыту, жүн, ет, және басқа да өнімдерді өндіруді арттыру үшін бұл саланы жаңаша ұйымдастырып, оны түбегейлі мамандандыру қажет, сонда ғана ғылыми- техникалық прогресс жетістіктерін жаппай пайдалануға толық мүмкіндік туады.Жаңа технологияда қой шаруашылығындағы өндірістік процестерді толық механикаландыру, еңбек шығынын едәуір кеміту, малдың өнімділігін арттыру және өнімнің өзіндік құнын кеміту көзделуде.

Қазіргі кезде көпшілік колхоздар мен совхоздарда қойды отарлап бағу жүйесі қолданылады. Мұндай жағдайда, күллі қойды жынысы мен жасына қарай топқа (отарға) бөледі. Әрбір отарды бағуға, ондағы, қойдың санына қарай 3-4 адамнан тұратын шопандар бригадасы белгіленеді. Әр отарға жайылым учаскесі, құрылыс, құдық және қажетті құрал-саймандар бөлінеді. Жайылымның отына қарай, мәселен, далалық аудандарда әр отар бір-бірінен 2-5 км қашықтықта орналасады. Мұндай жүйе қойдың негізгі азығы табиғи жайылым мен табиғи шабындықтан дайындалатын пішен болған жағдайда қалыптасты. Қойды күтіп – бағудың бұл жүйесінің негізгі кемшілігі еңбек өнімділігі төмен, азық базасы тұрақсыз, қол еңбегі көп жұмсалатын болды т.б.

Соңғы жылдары біздің еліміздің ауыл шаруашылығы аса аумақты машина және механизм парктерімен толықтырылды, мұның өзі өсімдік шаруашылығындағы, сондай- ақ мал шаруашылығындағы жұмыстарды едәуір механикаландыруға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру мен электрлендірудің артуы еңбек өнімділігін жоғарылатуға, өндірісті шоғырландыруға мүмкіндік беріп, қой шаруашылығы өнімін өндірудің жаңа технологиясын ойластыруға, және ендіруге қолайлы жағдай туғызды. Тоғызыншы бесжылдықта еліміздің колхоздары мен совхоздарында қой шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіруде қыруар жұмыстар атқарылды. Қойды жаңа технология бойынша күтіп – бағу Ставрополь өлкесінің, Марий АССР-інің , Ростов, Белгород облыстарының және Қазақстанның бірқатар шаруашылықтарында жаппай қолданыла бастады.

Қой бағудың көне әдісіне қарағанда жаңа технологияның артықшылығын жекелеген шаруашылықтардың жұмысынан айқын аңғаруға болады. Мәселен Ставрополь өлкесінің «Каменнобалковский» асыл тұқымды совхозында 1971 жылы 5000 бязы жүнді саулыққа арналған механикаландырылған ферма салынып, мәдени жайылымды пайдалана отырып, жаңа технология енгізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылдың ішінде әр саулықтан 6,3 - 6,5 кг жүн қырқуға мүмкіндік туды, ал қойды бұрынғы әдіспен баққан сол шаруашылықта әр саулықтан 5,6 – 5,8 кг жүн қырқылған болатын. Осы жылдардың ішінде механикаландырылған фермада орта есеппен әр 100 саулыққа 88 қозыдан айналды.

Ростов облысының ХХ партсьезд атындағы колхозының механкаландырылған фермасы 15 мың саулыққа және 5000 бас одан әрі өсірілетін төлге арналған. Бұл фермада әр адам 750 қойды күтеді. Соңғы үш жылдың ішінде фермада әр адам 750 қойды күтеді. Соңғы үш қойынан 5,2 кг жүн қырқылып, әр 100 саулықтан 107 қозы өргізді, ал күллі шаруашылық бойынша әр қойдан қырқылған жүн 4,8 кг болды.

Механикаландырылған ірі ферма салғанда қой шаруашылығын мамандандыру мен шоғырландыру, берік жемшөп базасын жасау , белгілі бағыттағы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыру қажет, тек сонда ғана малдың өнімділігі артып, өнім сапасы жақсарады. Механикаландырылған фермаларда қозыны енесінен бөлгенше бағатын саулық отары (асыл тұқымды және асыл тұқымды емес) , өсіруге қалдырылатын төл отары (шаруашылықта және шаруашылық аралық) және қойдың әр түрлі жыныс – жас топтары бағылатын өндірістік циклі толық аяақталатын қой отары болуы мүмкін.

Механикаландырылған ферманың қолайлы мөлшері белгілі бір аймақ пен шаруашылықтың мамандануына, қойды күтіп – бағу жүйесіне, механикаландыру дәрежесіне, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығына, азық базасының жағдайына, климатына және жер бедеріне байланысты болады. Биязы жүнді қой шаруашылығы үшін ферманың мөлшері мынадай болуы ұсынылады: саулық – 5 – 10 – 15 мың және одан да астам, өсіруге қалдырылатын төл - 5 – 20 мың және одан да астам, биязылау жүнді қой шаруашылығында саулық – 2 – 5 – 10 – 15 және одан да астам, өсірілуге қалдырылатын төл – 2,5 – 20 мың және одан да астам, тондық бағыттағы қойда (өндірістік циклі толық аяқталатын ) саулық – 2,4 – 4,8 – 10 мың. Өнімділігі кез келген бағыттағы қой шаруашылығында бордақылау фермасының мөлшері 5 – тен 30 мың басқа дейін, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Механикаландырылған фермаға қой тобын іріктегенде, оларлың өнімділік шамасын ескерген жөн.

Саулықтың күтіп – бағатын механикаландырыған фермада мынадай ферма – жайлар (цехтар) болады: қолды төлдететін және саулықты жаңа туған қозысымен бірге алғашқы күндері күтетін қора, саулықтың қозысы мен енесінен ажыратқанша күтетін қора , қозыны қолдан өсіретін қора және қойды қолдан ұрықтандыратын пункт. Қой төлдететін және саулықты жаңа туған қозысымен бірге бағатын орынды қалқанмен бірнеше ашық қора етіп бөліп, олардың әрқайсысында 15 – 25, ал романов қойында - 10 – 12 саулық ұстайды. Әр ашық қораға 1 – 2 клетка, ақыр, әр екі ашық қораға бір суат қояды. Көп қозылы саулықтарды (екіден, үштен тапқандарын) бөлек сақманға топтастырады. Қораға қойды азықтандандыруды, суғаруды және қи шығаруды механикаландыратын жабдықтар қояды. Қорада автоматты желдету жүйесі мен қозыны кептіретін және жылытатын шам орнатады. Қой жаппай төлдеген кезде қора ауасының температурасы 8 - 10° С деңгейінде, ал салыстырмалы ылғалдылығы – 75 % шамасында болады.

Қозыны қолдан өсіретін қора екі бөлімнен тұрады. Оның біреуінде туған күнінен 35 – 45 күндігіне дейінгі қозы топтары (8 – 10 бастан) жасанды қой сүтімен бағылады. Мұнда көп қозы тапқан саулық пен сүтсіз саулықтың қозылары және жетім қозылар күтіледі. Бөлімге жасанды қой сүтін беретін астау, ірі азыққа, жемге эәне минералдық азықтарға арналған оттық, су құятын науа, жылу – шағылыстырғыш шам орнатады. Әр қозыға 0,4 – 0,5 м² еден аумағы бөлінеді, бөлімдегі температура ең кемі 15° С , ал ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 75 проценттен аспауы тиіс. Басқа бөлімде 35 – 45 күндігінен 3 – 4 айлығына дейінгі қозылар 50 – 60 бастан топқа бөлініп бағылады да, содан кейін оларды бордақылауға жібереді. Бұл бөлімде азық қоспасы мен түйіршіктелген азыққа - арналған автооттық, топтық суат қояды. Серуендету – азықтандыру алаңы да жасалады, онда күн ашық кездері қозыны жемдейді.

Романов қойын өсіретін механикаландырылған ірі фермада, қозының жыл бойы біркелкі алынуын ескере отырып, жаңа туған қозының 60 проценттейін жасанды сүтпен асырау көзделеді. Бұл цехта қозы туған күнінен бастап 45 күндігіне дейін өсіріледі, содан кейін оларды әрі қарай өсіретін және бордақылайтын цехқа көшіреді.

Механикаландырылған фермада қойды қолдан ұрықтандыратын пункт салынады. Ол қошқардан ұрық алатын манежден, саулықты ұрықтандыратын станогы бар бөлмеден, ұрықтанған және ұрықтанбаған саулықтар тұратын екі бөлімді баз – лапастан тұрады.

Өсіруге қалдырылған төлдерді бағатын механикаландырылған ферма енесінен бөлінген қозыларды негізгі отарға қосқанша күтуге арналған. Бұл ферма қойды ауа райының қолайсыз құбылыстарынан (қар , жаңбыр т. б.) қорғайтын жеңіл типті қорадан тұрады. Мұнда қойды қалың төсеніш үстінде бағады. Қораны және оған жапсарлас салынған серуендету – азықтандыру алаңын құранды оттықпен немесе автооттықпен, топтық автосуарғышпен жабдықтайды. Ондағы судың температурасы ең кемі 15° С, қорадағы ауаның температурасы минус 5 ͦС төмен болмауы тиіс.

Сақа қой мен төлді бордақылайтын механикаландырылған ферманы (алаңды) , сол ауданның табиғи -–климат жағдайына қарай баз - лапас немесе жеңілдетілген жабық қора түрінде салады. Қойға жазда көк шөп бере отырып, құнарлы азық қоспасымен немесе түйіршіктелген азықпен бордақылайды. Азықты әдетте жылжымалы транспорттармен таратады, суару үшін топтық суатты пайдаланады. Қораны мөлшері 30 - 40 м² жекелеген ашық қораға бөледі, еденнің 1 м² ауданына екі қойдан ұстайды, Романов қойын өсірілетін шаруашылықтарда әр саулыққа биязы жүнді қойға қарағанда қора едені 2,5 м² , ал күрделі қаржы – 50% көп жұпсалуы тиіс. Бқл тұқымды бағатын фермада әр адамға 300 – 450 саулық жүктеледі.

Механикаландырылған ірі фермаларда қойды қыс пен жазда ВИЖ бен ВНИИОҚ жасаған норма бойынша өзінде өндірген жемшөппен азықтандырады. Қолдан баққан кезде сусымалы және түйіршікті құнарлы азық қоспаларын, пішендемені, жемді , ал жазда – көп жылдық мәдени жайылымды пайдаланады. Қажет болған жағдайда қой жаюға жарамды бір жылдық дақылдың көк шөп конвейерін пайдалануға болады. Қойды құнарлы азық қоспасымен, ал жазда балауса шөппен бордақылайды. Жылдық азық қажетінің құрылымы еліміздің әр түрлі аймағында түрліше, алайда ол шамамен алғанда мынадай болуы мүмкін(%) :

Ірі азық 20 - 30

Балғын азық 15 -20

Жем 18 - 20

Жайылым шөбі 40 – 50

Саулықты қолдан ұрықтандыруды негізінен циклдік әдіспен жүргізіеді, мұның өзі қой төлдетуді аз уақытта өткізуге мүмкіндік береді. Фермадағы барлық саулықтан күйлегендерін күнделікті іріктеп алады. Ұрықтандырылған саулықты қоздатылатын қораның мөлшеріне қарай топқа (отарға) бөледі. Қойды тобымен қоздатқан жағдайда, барлық саулыққа жылы қора жетіспейтіндіктен, қажетті отар тобын құрғаннан кейін үзіліс (12 – 14 күндей) жасайды. Егер барлық саулықты төлдететін жылы қора жеткілікті болса, онда қойды ешбір үзіліссіз ұрықтандырады. Саулықты қолдан ұрықтандыру және төлдету мерзімін өндіріс жағдайына қарай белгілейді.

Романов тұқымының саулығын ұрықтандырғанда, қозының жыл бойы біркелкі алынуын көздейді. Саулықты жыл бойы ұрықтандырғанда және төлдеткенде мынадай схема бойынша төрт кезеңге бөледі:

Кезеңі Ұрықтандыру Төлдету

Бірінші Шілде – тамыз Желтоқсан - қаңтар

Екінші Қазан – қараша Наурыз - Сәуір

Үшінші Қаңтар – ақпан Маусым - шілде

Төртінші Сәуір – мамыр Қыркүйек – қазан

Әрбір отардағы саулықтар қысқа мерзімде (10 – 12 күнде) арнайы бөлінген жылы қорада қоздатылады. Қозысы 2 – 3 апталық саулықтарды басқа қораға шығарып, қорада – базда күту әдісін қолданады.

Мсыал ретінде Ростов облысының ХХ партсьезд атындағы колхозының комплексті механикаландырылған фермасында жұмысты қалай ұйымдастырып отырғанын келтірейік. Фермада 15 мың саулық және өсіруге қалдырылатын 5000 төл бағылады. Негізгі құрылыста 12 қой қора бар: оның алтауының мөлшері 128×30, төртеуі – 126 × 30, біреуі - 128 × 24 және тағы біреуі – 108 × 18 м. Қой қораның ұзына бойына екі жағынан, әрқайсысының ұзындығы 40 м келетін серуендету – азықтандыру алаңы орналасқан. Фермада негізгі қора – жаймен қоса , қой қырқатын пункт, тоғыту ваннасы, қолдан ұрықтандыру пункті, азық цехы, пішендеме мен сүрлем қоймасы және басқа да азықтар мен төсеніш сақтайтын қамба, бригада үйі, изоляторы бар мал дәрігерлік амбулатория, техника сақтайтын лапас салынған.

Механикаландырылған фермада 36 адам жұмыс істейді: Қойды күтіп – бағатын операторлар мен азықты жеткізіп, тарататын механизаторлар – қызмет көрсететін 27 адам (вахтер, жұмысшы, ас пісіруші, үй сыпырушы) – 4, ферма меңгерушісі мен мамандар – 5. Еңбекті ұйымдастыру формасы – бригадалық – звенолық. Операторлардың үш звеносы саулыққа бекітілген, бір звено төлді күтеді және бір механизаторлар звеносы азықты жеткізіп, таратып тұрады. Звено жетекшісі ең таңдаулы жұмысшылар – 1 класты шеберден тағайындалады. Звено жетекшілері ферма меңгерушісіне, ал өндіріс технологиясы мен қойды азықтандыру мәселесі жөнінде оның орынбасары – ферма зоотехнигіне бағынады.

Азықты жылжымалы құрал –жабдықтармен таратады. Жаз айларында шөп шабу үшін ҚИР – 1,5 шөп машинасының екеуін пайдаланады, көк азықтарды тиеу және қойға тарату жұмыстары механикаландырылған. Қиды бульдозермен шығарады. Қойды қалқыма құрылғысы бар суаттан суарады. Қойды 1 – 2 айдай ғана жайып, бұл кезде аңыз қалдықтарын пайдаланады. Қой төлдегенде және қозыны енесінен бөлгенше қорада автооттықтан, ал серуендету – азықтандыру алаңында екі жақты астаудан азықтандырады. Қойды азықтандыратын механизаторлар график бойынша бір смена жұмыс ісьейді, осы кезде қойды тәуліктік нормасы бойынша азықтандырады. Оператордың негізгі міндеті малды қарау, күтіп – бағуға байланысты жұмыстарды атқару. Оператор ауыспалы график бойынша екі смена, ал саулық төлдеген кезде үш смена жұмыс істейді. Фермада жазда қойды көк шөппен, ал қыста – пішендемемен, сүрлеммен және түйіршіктелген жемшөппен азықтандырады. Келешекте қойды қыста азықтандыру үшін сусымалы құнарлы азық қоспасы кеңінен қолданылады.

Қойды қолдан ұрықтандыру – циклдік жолмен жүргізіледі. Фермада қойды қолдан ұрықтандыратын стандартты пункт салынған.Барлық саулық отарының ішіндегі күйлеген саулықтарды дереу бөліп алып, аз уақыттың ішінде (7 – 9 күнде) жаңа отарын құрады. Саулықты қоздату үшін үш қора бөлінеді. Қойды қолдан ұрықтандыратын пунктте екі техник (біреуі қошқардан ұрық алады, ал екіншісі саулықты ұрықтандырады), санитар және үш жұмысшы істейді. Пунктте жұмысы ұйымдастырғанда сағатына 90 – 100 саулықты ұрықтандыру көзделеді. Циклдік әдіспен ұрықтандыру көзделеді. Циклдік әдіспен ұрықтандыру саулықты қысқа мерзімде төлдетуге, ал жасы бірдей қозы алу оны өсіруге қолайлы мүмкіндік береді. Саулықты жылы қорада төлдетеді, онда күштеп желдететін қондырғы орнатылып, жылы ауа беріліп тұрады. Қойды төлдетер алдында қораны 20 – 25 қой сыятындай етіп бірнеше бөлікке бөледі. Қораның еденіне сабан төсейді, автооттық пен автосуат орнатады және қабырғаға инфрақызыл шам іледі.

Саулық қоздаған қораның қиын шығарып, дезинфекциялайды да, сонан соң оған келесі төлдейтін саулықтарды кіргізеді. 15 – 20 күннен кейін қозылы саулықтарды жеке сақман етіп құрып, басқа қораға көшіреді. Бірінші сақман жалқы туған 60 саулықтан және егіз туған 20 – 25 саулықтан тұрады. 8 – 10 күн өткеннен кейін сақманды қосып ірілендіреді. Бордақыланатын қозыларды енесінен 2 айлығында, ал өсіруге қалдырылатындарды – 3 – 4 айлығында ажыратады.

Қой шаруашылығын бұлайша ұйымдастыру еңбек шығынын қысқартуға, қойдың өнімділігі мен саланың рентабельділігін арттыруға мүмкіндік берді. Механикаландырылған фермада жыл сайын 1052 ц жүн және 2384 ц ет өндірілді. Орта есеппен әр қойдан 5,2 кг жуылмаған жүн қырқылып, енесінен бөлгенде 100 саулықтан 107 қозы алынды. Қой шаруашылығының рентабельділік дәрежесі 23 пайыздан асты. Механикаландырылған фермада бір саулыққа кететін еңбек шығыны, қойды отарлап бағу әдісіне қарағанда, 2 еседей кеміді.

Бұл колхозда сақа қой мен төлді бордақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта екі бордақылау алаңы салынған, оның лапасының ұзындығы 75 эәне 100м, бір қатарының ені 4,5 және 6,0 м. Алаңның едені – саңылаулы. Әрбір алаң загондарға (60 – 80 астық) бөлінген, еденнің 1 м ² ауданына екі қойдан келеді, ал азықтандыру алымы 12 см. Мұнда қойды бордақылау үшін тек түйіршікті азықты ғана қолданады. Қозыны бордақылау үшін түйіршікті азықтар өндіреді: жем – 43,5 %, ірі азық – 55,2, соның ішінде пішен ұны – 19,2 және сабан – 36 % , 1,3 пайыздайы тұз бен бор, 1 кг мұндай азықта 0,7 азық өлшемі және 74 г қорытылатын протеин бар.

Сақа қойды бордақылайтын түйіршіктелген қоспада 20 % жем, 20 % шөп ұны, 59 % сабан, тұз бен бор (1 %) бар. Рационды макрожәне микроэлементтермен балансылау үшін түйіршіктелген азыққа фторсыздандырылған фосфат (1 %), ал 1 т қоспаға – 0,7 кг күкірт және 1,5 – 2 г хлорлы кобальт қосады. Протеин жетіспеген жағдайда 0,5 % кармабид қосады.

Қойды түйіршіктелген азықпен бордақылау еңбек өнімділігін 5 еседей арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары бордақылаудағы қойдың тәулігіне орта есеппен қосқан массасы 176 г-ға, бордақылау, рентабельділігі 40-60 пайызға жетті. Сондай –ақ жеген азығын қосқан массасымен өтеу, әр жұмысшының өндіретін өнімі, тағы басқа көптеген көрсеткіштері де біршама жақсарды.

Қазіргі кезде романов қойын өсіретін аймақта да бірқатар механикаландырылған қой шаруашылығы комплексі құрылып, олар жаңа технология бойынша жұмыс істей бастады. Мәселен Марий АССР – інің «Шойбұлақ» совхозында романов тұқымының 5000 төліне арналған механикаландырылған ірі ферма салынды. Ферма құрамында типтік жобамен салынып, қой төлдетуге және қозы өсіруге арналған төрт қора, қойды қолдан ұрықтандыратын пункт, ұрықтандырылған саулықтарды күтетін екі қора, қозыны қолдан өсіретін және оны бордақылайтын қора бар. Өндірістік мақсаттағы қора – жайдан басқа сүрлем оры, лапас, азық сақтайтын қойма, тоғыту ваннасы, малшы үйі т. б. салынды.

Жылы қора 800 саулыққа арналған. Оның біреуіне іргелес жүнді кластайтын және қаттайтын жай салынған. Осы қораның жанында қойды қотырға қарсы тоғытатын ванна бар. Жылы қорада әр саулыққа 1,5 м ² еден ауданы келеді. Қойды төлдетер алдында қораны темір шарбақпен жеке секцияларға бөледі. Қойды саңылаулы еденде күтеді. Қойды қолдан ұрықтандырып пункт жылыланған. Қойды қолдан ұрықтандырып болғаннан кейін, ол қорада 1000 қой ұстауға болады.

Қозыны қолдан өсіретін және оларды әрі қарай бордақылайтын қора екі бөлімнен тұрады. Оның біреуінде 1 – 30 күндік 480 қозы (әр секцияда 30 бастан) бағылады. Мұнда қозыға арнайы суаттан жасанды қой сүті беріледі. Екінші бөлім 23 секцияға бөлінген, оның әр қайсысында 30 – 150 күндік төлдің 50 басы орналасады. Бұл қораның да едені саңылаулы. Екі салқын қорада (әрқайсысында 800 бас) буаз саулық пен өсіруге қалдырылатын төл күтіледі. Қора ауаны енгізіп – шығаратын желдеткіш жүйемен жабдықталған. Күллі ішкі жабдықтар металдан жасалған. Оттық универсалды, ал автосуаттағы су деңгейі реттеліп тұрады.

Қорадағы қиды екі түрлі әдіспен шығарады. Едені саңылаулы қорада қи орға жиналады да, оны жылына бір рет ПБ – 30 трактор тиегішімен шығарып, автосамосвалмен қи сақтаитын қоймаға тасиды. Төлді өсіретін және бордақылайтын қора жыл бойы үздіксіз пайдаланылатындықтан, қиды арнайы транспортермен қорадан шалғай жерге төгіп, осыдан сақтайтын жерге жеткізеді. Қалың төсеніш үстінде бағылатын салықын қорада, қойды жылына 2 рет ПБ – 35 тиегіш – бульдозермен шығарады. Әрбір қорада қырықым машинкасын электр тоғына қосатын розетка бар. Қойды шапшаңдатылған әдіспен қырқады. Азықты өңдеу және әзірлеу арнайы цехта жүргізіледі.

 

Қой қоздату.

Буаз саулықтар, әсіресе буаздығының екінші жартысында жақсы күтім мен азықтандыруды қажет етеді. Буаздығының соңғы кезеңінде олардың қоректік мұқтаждығы 50 – 75 % артады. Соны толығымен қамтамасыз еткен уақытта ғана ірі, денсаулығы мықты, тіршілікке бейім қозылар туылады. Ол үшін буаз саулықтарды жақсы жайылымда, ұзақ айдап шаршатпай, үркітпей бағады. Қажетті минералды қосындылармен – бор, сүйек, ұны, ас тұзы – толық мөлшерде қамтамасыз етіп, керек болса жайылымнан кейін басқа азықтармен – пішен, сүрлем, күнжара, құрама жемдермен де қосымша азықтандыру ұйымдастырады. Борды ұнтақтап, сүйек ұнымен араластырып, тәулігіне әр қойға 10 – 15 г, ас тұзын 5 -8 г есебімен бөлек науаларға салып қояды. Басқа қосымша азықтарды тәуліктік рацион қоректілігі нрмалық көрсеткіштерге жететіндей етіп мөлшерлейді.

Іш тастаудан сақтандыру үшін буаз саулықтарға тек сапалы, таза азықтар береді. Шіріген, ескірген, басқа да бүлінген белгілері бар азықтарды беруге болмайды. Жауынды, суық күндері буаз саулықтарды жайылымға шығармай, қорада ұстайды. Қажетті мөлшерде барлық азықтармен қамтамасыз етіп, таза, салқындығы кемінде 8 – 10 градус сумен ғана суарады.

Қоздауға 8 – 10 тәулік қалғанда қораны қидан тазартып, таза сабан төсейді. Тесіктерін бекітіп, жел соқпауын қадағалайды. Қора ішіндегі жылылық 15 17° С болуы керек. Қоздайтын саулықтардың артқы аяқтары аралығы мен желіндерінің үстіндегі жүнді қырқады. Өйткені кейін желін үстіндегі жүн суланып, оған қи қатады да, емшекті іздеген қозы аузына еніп, оларды ішек ауруларына шалдықтырады. Қораны дезинфекциялап, әктеп, қажетті дәрі – дәрмектермен, жаңалайтын төсенішпен жабдықтайды.

Қоздаудың жақындағанын саулықтың мазасызданып, жиі жатып, маңырауынан байқайды. 1 -3 күн қалғанда саулықтың желіні ұлғайып, іші төмен түседі, жыныс органының сырты қызарып, ісінеді. Саулық астына төсеніш жинап қораның бос бұрышына оқшауланып жатуға тырысады. Ондай саулықтарды басқа малдан бөлектеп, қой қоздататын бөлмеге не қоршалып бөлінген бұрышына ауыстырады.

Буаз кезеңінде дұрыс азықтандырылып, бағып – күтілген саулықтар әдетте тез қоздайды. Қоздау барысына кедергі келтірмеген жөн. Саулықтың толғағы ұстағаннан кейін, оның туу жолдарынан шуы шыға бастайды да, қозының алдыңғы аяқтары мен тұмсығы көрінеді. Қозының кіндігі өзі үзіледі. Одан микробтардың денеге дарымауы үшін ұшын йодқа малынған жіппен байлап, йод ерітіндісімен күйдіреді. Әдетте саулық 40 минутта қоздап болады. Егер бірінші қозы туылғаннан кейін саулық тынышталмай, қайта жата бастаса егіздің бар деген сөз. Сол егіздің сыңары әдетте 10 – 15 минуттан кейін туылады. Саулықтың шуы 1,5 – 3 сағат аралығында түседі. Оны күштеп тартпай, түскенін тосып, аулаққа апарып көміп тастайды.

Қозы тіпті ірі болып, немесе жатырда дұрыс орналаспаған болса, саулықтың өздігінен қоздай алмауы мүмкін. Ондай жағдайда мал дәрігерлік көмек көрсету қажет. Қозының басы арқасына шалқайып немесе аяғының астына оралып қалса, сондай – ақ қозы артқы аяқтарымен келсе, т.б. жағдайларда қолды сабындап жуып, йод және вазелинмен сылайды да, қол сұғардан енгізіп, оның жатысын түзейді. Қоздау тым созылып бара жатса мал дәрігерін шақыртқан жөн. Шуы 5 сағаттан ұзақ түспеген жағдайда да саулыққа таза су беріп, мад дәрігерін шақыртады.

Кейде туылған қозы дем ала алмай, тіршілік белгілерін байқатпайтын жағдайлар да кездеседі. Ондай жағдайда қозының тұмсығын, аузын тазартып, алдыңғы аяақтарын алға созып, жасанды түрде дем алдыруға шара жасайды. Ол үшін алдыңғы аяқтарын созып – бүгумен қатар, кеудесін ақырын басып, қағып қояды.

Шуы түскеннен кейін саулықтың артқы аяқтарының аралығын, құйрығының астын, шабын жылы сумен жуып, сүртіп, тазартады да, астындвғы төсенішін жиып алып, жағып жібереді не көмеді.

Саулық қоздаған орнын тазартып, дезинфекциялайды.

Жаңа қоздаған саулық шөлдейді. Сондықтан оған бір сағаттан кейін әр 2 сағат сайын қайталап 1 – 1,5л жылы су беріп тұрады. Алдына жақсы пішен салып, жем мен шырынды азықтарды кешеуілдетіп, мөлшерлеп ғана береді. Пішен салынған оттықтарға жалайтын ас тұзын салып қояды. Толық рацион көлеміне 3 – 5 тәулікте біртіндеп жеткізеді. Дұрыс туылған қозы 15 – 20 минуттан соң тұрып, енесінің емшегін іздей бастайды. Саулық емшегінің ұшына жиналған уызды сауып тастап, қозыны ауыздандырады. Қозысына еміреніп, жалап, емізбеген саулықтарды ұстап тұрып еміздіртеді. Қозысын иіскету үшін алдына қояды.

Жаңа туған қозылар үшін ене уызының тек қана қоректік маңызы емес, сонымен қатар зор биологиялық, имунитеттік маңызы бар екенін естен шығармау қажет. Уыздағы қореқтік заттар қозының әлі де әлсіз ас қорыту жолдарына жақсы қорытылып, сіңіріледі. Ал ондағы белок пен тұздар қорыту барысын жеңілдетіп, іштегі бірінші нәжіс – доңғақтан тазартуға жағдай туғызады. Уыз белоктары арқылы ене организмінен қозыға ауруға төтеп беру (имунитеттік) қасиеттері беріліп, тіршілікке бейімділігін арттырады. Сондықтан да жаңа туылған қозыны енесінің уызына неғұрлым тез тойындырудың зор маңызы бар.

Алғашқы 2 – 3 тәулікте қозылар енелерін 2 – 3 сағат сайын емеді. Алғашқы айда олардың негізгі азығы – ене сүті. 2 – 3 аптадан бастап біртіндеп басқа азықтарға үйрете беру қажет. Әрбір килограмм қосқан салмағына олар 4,5 – 5 кг сүт жұмсайды. Міне, ене сүті жетіспеген деңгейді басқа азықтардың қоректік заттарымен толықтыру қажет, Тәулігіне 200 – 300г салмақ қосса алғашқы 2 – 2,5 айда саулықтар сүттілігі тәулігіне 1,2 – 1,5 л болуға тиіс. Енесінің сүттілігі төмендеген сайын қозылар өсіп – жетілуін тежемеу үшін қажетті мөлшерде жем, пішен, шырынды азықтармен қамтамасыз етілуі қажет. Басқа азықтарды жеуге алғашқыда жақсы жапырақталған бұршақ және астық тұқымдастар пішеніне, қауызынан тазартылған сұлыға, ұсақтап туралған тамыржемістілерге үйретеді. Ене сүтіне жарымаған жағдайда сиыр сүтін емізсе де болады. Іш ауруларынан сақтандырып, азықтың қректілігін арттыру үшін сұлы және күнжара қайнатпасын беруге болады. Оны дайындау үшін тазартылған сұлы жармасын беруге болады. Күнжараны 1 – 2 сағат қайнатады. Содан соң оны да сүзіп, сығады.


Информация о работе «Қой морфологиясы мен физилогиясының негіздері»
Раздел: Ботаника и сельское хозяйство
Количество знаков с пробелами: 117856
Количество таблиц: 0
Количество изображений: 1

0 комментариев


Наверх